
Баланың мектепке дейінгі ұйымға келуі – оның өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі. Бұл уақытта бала жаңа ортаға, күн тәртібіне, тәрбиешілерге және құрдастарына бейімделеді. Бейімделу кезеңінің жеңіл әрі сәтті өтуі көбінесе үйдегі күн тәртібінің дұрыс ұйымдастырылуына байланысты.
Күн тәртібі не үшін маңызды?
Күн тәртібі – ұйқының, тамақтанудың, ойынның, серуендеудің және оқу іс-әрекетінің дұрыс ұйымдастырылған жүйесі. Белгіленген тәртіп баланың өзін қауіпсіз әрі сенімді сезінуіне, мазасыздықтың азаюына, денсаулығының нығаюына және жан-жақты дамуына ықпал етеді.
Күн тәртібі сақталған жағдайда бала:
- таңертең жеңіл оянады және уақытында ұйықтайды;
- аз шаршайды;
- балабақша жағдайына тезірек бейімделеді;
- өзін сабырлы әрі сенімді сезінеді;
- ұйымдастырылған іс-әрекетке белсенді қатысады.
Ата-аналар балаға қалай көмектесе алады?
Балабақшаға барардан 2–3 апта бұрын үйдегі күн тәртібін мектепке дейінгі ұйымның тәртібіне біртіндеп жақындатқан жөн:
- баланы күн сайын бір уақытта ұйықтатып, бір уақытта ояту;
- тамақтану уақытын тұрақты сақтау;
- күн сайын таза ауада серуендеу;
- күндізгі ұйқыны қамтамасыз ету;
- әсіресе ұйықтар алдында теледидар, телефон және планшетті пайдалану уақытын шектеу.
Бейімделу кезеңіндегі пайдалы кеңестер
- Үйде жайлы әрі мейірімді психологиялық ахуал қалыптастырыңыз.
- Таңертең балабақшада қоштасуды ұзаққа созбаңыз. Сабырлы әрі сенімді қоштасу баланың тез тынышталуына көмектеседі.
- Баланың жетістіктерін байқап, тіпті кішкентай табыстары үшін де мақтап, қолдау көрсетіңіз.
- Отбасы мен балабақшадағы талаптардың бірізді болуын қадағалаңыз.
- Сабыр сақтаңыз. Әр баланың жаңа ортаға бейімделу уақыты әртүрлі болады.
Құрметті ата-аналар!
Күн тәртібін сақтау – баланың денсаулығының, жақсы көңіл күйінің және балабақшаға сәтті бейімделуінің негізі. Сіздердің қамқорлықтарыңыз, қолдауларыңыз және жүйелі әрекеттеріңіз балаңыздың жаңа ортаға тез үйреніп, мектепке дейінгі ұйымға қуана келуіне мүмкіндік береді.

